20 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАРЛЫҚ ШАХМАТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША ӘБДІМӘЛІК ҮЗДІК БОЛЫП ТАНЫЛДЫ

Жансая Әбдімәлік барлық шахмат түрлері бойынша 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің үздік шахматшылары тізімінде көш бастап тұр. Қазақстандық шахматшы классика, рапид және блицтен ЭЛО рейтингінде алдыңғы орынға шықты. Бұған дейін қазақстандық шахматшылардың ешқайсысы бірден үш ойын түрі бойынша әлемдік рейтингте мұндай мәртебеге ие болған емес.

«Қызымды мақтан тұтамын. Ол көп еңбектенеді, үнемі шеберлігін шыңдап жүреді. Бұндай тарихи көрсеткіш оның қажырлы және тыңғылықты жұмысының нәтижесі», – деді спортшыны әкесі Данияр Әшіров.

Жансая жастайынан шахматпен айналысқан, сөйтіп, 14 жасында -ақ Қазақстанның жас гроссмейстері атанды. Қазір он сегіз жасар спортшының қоржынында көптеген республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдесі бар.

«Мен ойын барысында әр кезде бар күш-жігерімді саламын, себебі ата-анам мен бапкерлерімнің алдында міндеттімін деп білемін. Бұл әрине жаман көрсеткіш емес, алайда бұнымен шектеліп қалуға болмайды. Әлі де алар асуым алда және мен үшін ең басты нәтиже – бүгін кешегіден де жақсы ойын үлгісін көрсету», – дейді шахматшы қыз.

2018 жылдың қарашасында Жансая Әлем Чемпионатында ересектер арасындағы алғашқы ойынында Қазақстанның шахмат тарихында ширек финалға шыққан алғашқы спортшы болды.  Өткен жылдың желтоқсанында өткен рапид және блицтен Әлем чемпионатында қыздар арасындағы жедел шахматтан 6 орынға тұрақтады.

ҚШФ Бас серіктесі  – «Самұрық –Қазына» ӘАҚ» АҚ, әлеуметтік серіктестік  – «Sumruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

«Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ Бас демеушісі–  Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры.