АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН 5 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Ағымдағы  жылдың 12 қарашасында Филиппин елінің Тағайтай қаласында Азия шахмат федерациясы мен ФИДЕ бірлесіп өткізген құрлықтық чемпионат өз мәресіне жетті. Швейцарлық жүйе бойынша сайысқа түскен спортшылар 9 раунд бойы мықтыны анықтады. Отандастарымыз бес медаль қанжығаласа, оның үшеуі өскемендік Алмагүл Чакееваға тиесілі. Қазақстандық спортшы рапидте әйелдер арасында үздік болып қана қоймай, классика мен блицте екі күміс жүлдені жеңіп алды.

«Бұрын мен тек республикалық турнирлерде бақ сынып, бірнеше рет Шығыс Қазақстан облыстық чемпионатында жеңімпаз болдым. Бұл Азия чемпионаты – менің спорттық мансабымдағы тұңғыш халықаралық жарысым. Осы чемпионатта жеткен жетістігіне ризамын, күткен нәтижемнен асып түсті десем де болады. Шынымды айтсам, жарыс алдында қандай да бір орынға жетуді армандадым, бірақ мен Отаныма үш медальмен оралдым» – дейді Алмагүл Чакеева ағынан жарылып.

Алмагүл Чакеева Өскемендегі мектептердің бірінде информатика пәнінен сабағын береді.  Көңіл толқытар осындай нәтижеге жетуге оған отандастарының, әсіресе жұмыс орнындағы   әріптестерінің сенімі күш берген. Сондай-ақ, жарысқа қатысушылардың қолдауы ерекше жігер бергенін жеткізді.

Бұдан бөлек Чемпионатта жүлдегерлер қатарынан көрінген қарағандылық Олег Ринас, классикалық үлгіде қолаға қол жеткізсе, тараздық Айтқазы Баймурзин блиц үлгісінде турнир кестесінің үшінші орынынан көрінді.

Дәстүрлі түрде өтетін Сеньорлар арасындағы Азия чемпионатында 50 жастан асқан үздік шахматшылар бақ сынаған. Құрлықтық  жарысқа 9 елден келген 35 спортшы медальдар үшін өзара мықтыны анықтады. Аяқталған Азия чемпионатында бес шахматшы отандасымыздың өнер көрсеткенін атап өткеніміз жөн.

«Шахмат – ұрпақ жалғастығымен бірге жүретін ойын. Грецияда жасөспірімдер арасында өткен чемпионатта да 5 медаль жеңіп алған Қазақстан шахматшылары араға бір ай салып Филиппин жерінде  сол жетістікті сәтті қайталап шықты. Жас ерекшелігіне қарамастан, әлемдік аренада біздің шахматшылар үздік нәтиже көрсетіп жүр» – Қазақстан Шахмат федерациясының Атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Қазақстан Шахмат федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, әлеуметтік серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Бас демеушісі – «Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ, Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры.