ҚАЗАҚСТАННАН АЛТЫ ӨКІЛІ FIDE КОМИССИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА КІРДІ

FIDE комиссиясының ресми мүшелері тізіміне алғаш рет Қазақстанның өкілдері еніп отыр. Бұл тізім Дүниежүзілік шахмат федерациясы президенттік кеңесінде үш жылда бір рет бекітіледі. Әдетте комиссия мүшелігіне өз елінде аталған интеллектуалдық ойынды насихаттап, оның дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген шахмат спортының көрнекті өкілдері қабылданады.

«FIDE президенттігі кеңесінің Қазақстанның алты өкілін бірдей комиссия мүшелігіне қабылдау жөніндегі шешімі Ғалымжан Шахмарданұлы Есенов басқаратын Қазақстан шахмат федерациясы жұмысының жоғары бағалануының көрсеткіші болып табылады, – дейді федерацияның атқарушы директоры Ирина Грищенко, – біздің команда жұмыс жасағаннан бері елімізде шахмат спортын насихаттау жағынан елеулі жетістіктерге жеттік және алдағы уақытта да осы қарқынымыздан таймаймыз».

FIDE президенті Аркадий Владимирович Дворковичтің кеңесшісі болып Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Берік Тұқтыбекұлы Балғабаев тағайындалды.

Іс-шаралар бойынша комиссия мүшесі болып ҚШФ вице-президенті – Жандос Әбішев, Әлеуметтік мәселелер бойынша комиссияға қатысушы ҚШФ атқарушы директоры – Ирина Грищенко, ал Гроссмейстер және халықаралық шебер – Евгений Владимиров FIDE білім беру комиссиясының құрамына қабылданды. Жаһандық стратегия бойынша комиссия құрамында Әлем және Азия чемпионы,  гроссмейстер – Дәрмен Сәдуақасов бар. Әлем чемпионы, гроссмейстер және ЮНИСЕФ ізгі ниет елшісі  – Динара Сәдуақасова ережелер бойынша комиссия құрамына, ал қыздар арасында халықаралық шебер, ҚР Құрамасының мүшесі Гүлмира Дәулетова жеребе бойынша комиссия құрамынан орын алды.

«Биылғы жылдан бастап Қазақстан үшін мол мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Бұл жерде аталған ойынды тек елімізде дамыту жайында ғана айтылып отырған жоқ. Ендігі күні біздер маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдайтын комиссияда бармыз. Бұл біздің еліміздің әлемдік шахмат аренасында үлкен әлеуетін бар екендігін көрсететін ауқымды қадам», – деді Жандос Әбішев.

Жалпы комиссия құрамына әлемнің 130-дан астам елінен 224 адам енген. Қазақстан өкілдерінің саны жағынан Ресей мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұр. Бұған дейін ФИДЕ комиссиясы құрамында Қазақстаннан ешбір өкіл болмаған.

 

Қазақстан шахмат федерациясының бас серіктестігі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ,  әлеуметтік серіктес – «Sumruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚШФ Бас демеушісі  – академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми – білім беру қоры.