ЖАНСАЯ ӘБДҮМӘЛІК – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Италияда өткен 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық шахматшы Жансая Әбдүмәлік алтын медальды қоржынына салып, әлем чемпионы атанды.

Жас шахматшы Тарвизио қаласында өткен әлем чеипионатының жеңімпазы атанып, «Шахмат ханшайымы» атағын иеленді.  Жарысқа Гран-при қатысушысы Сарасадат Хадемалшари (Иран), Украина құрамасының мүшесі Юлия Осьмак сияқты көптеген мықты, жас шахматшылар қатысты.

Жансая турнир барысында тек бір рет тең ойнады ( Юлия Осьмакпен) және бір рет қана жеңіліс тапты (Анастасия Парамзиамен, Ресей). Қалған тоғыз кезеңде қазақстандық шахматшы өзінің қарсыластарын ойсырата жеңіп, шешуші партияда Жансая АҚШ-тың өкілі Дженифер Ю-ді жеңді. Нәтижесінде өз қарсыластарынан әлдеқайда озып, 11 паптиядан 9.5 ұпай жинады.
— Чемпионат қатысушыларының құрамы өте мықты болды, сондықтан күрес соңғы турға дейін қатаң өтті. Мен турнирдің рейтинг-фавориті болғандықтан, қарсыластарым менің ұпайларымды тартып алу үшін барлық күш жігерлерін салды. Алайда, мен жыл бойы тынбай дайындалдым және де ол өз нәтижесін берді. Осыған орай, мен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есеновке дайындықта және әлемнің ең мықты турнирлеріне қатысуда көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, жатықтырушыма және маған сенім артқан жанкүйерлеріме рахмет, — деп Жансая Әбдүмәлік Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихатында өз ойымен бөлісті.

Жансая Әбдүмәлік (рейтинг: 2428) – қыздар арасындағы әлемнің төрт дүркін чемпионы, ерлер арасындағы халықаралық мастер және әйелдер арасындағы гроссмейстер, Азия шахмат федерациясымен құрлықтың 20 жасқа дейінгі ең үздік шахматшысы (2013) деп танылды. Қазіргі таңда қазақстандық шахматшы FIDE Top 100 Women тізімінде 40 орында тұр.

Шахматтан әлем чемпионатында қазақстандықтар екінші рет жеңіске жетіп тұр. 2016 жылы дәл осындай турнирде әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова жеңімпаз атанған болатын. Жоғарыда аталған екі спортшы және Қазақстанның шахматтан осы жылғы чемпионы, Гүлісхан Нахбаева келесі жылы еліміздің атынан әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысады.