АЗИАДА АЛТЫНЫ: АЛҒАШҚЫ РЕТ!

Қазақстанның әйелдер құрамасы Ашхабад (Түркменстан) қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі V Азия ойындарының екі бірдей алтын медальін еншіледі.

Еліміздің командалық алтынын ел қоржынына республиканың ең мықты шахматшы қыздары Жансая Абдумалик пен Динара Садуакасова алып келді. Олар финалдық матчта рапидтен табан тірескен күресте Қытайлық спортшыларды басып озды  (1,5 : 0,5). Блиц-шахматта жартылай финалда Динара мен Жансаяның дуэті Иранның құрамасына жол беріп,  қола жүлдені қоржындарына байлады.  Сонымен қатар, Динара Садуакасова жеке есепте Азиаданың классикалық шахматының үшінші  тұғырына көтерілді.

— Алтын! Осыған дейін Қазақстанның шахмат құрамасының қоржынында Азиаданың тек қана 2 күмісі және 2 қола медальі бар еді. Алтын болмаған.   Енді қоржынымыз алтынмен толықты. — деп еліміздің шахматтан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Рустам Хуснутдинов өз қамқорлығындағы қыздардың жетістіктерін атап өтті.

V Азия ойындарында еліміздің намысын әйелдер құрамасының сапында Абдумалик пен Садуакасовадан басқа, Гүлісхан Нахбаева және де  Шолпан Жылқайдаровалар қорғады.

Түркменстан астанасында ерлер құрама командасының сапында Ринат Джумабаев (Қазақстан шахматшылар рейтингінде №1), Муртас Кажгалеев (№2) және де жас шахматшылар Денис Махнев пен Жанат Саиндар  өнер көрсетті. Өкінішке орай, ерлер құрамасы қыздарға қарағанда шамалы төменірек нәтиже берді: Азия ойындарында жеке есепте Муртас Кажгалеев 7 орынға, ал Ринат Джумабаев 15 орынға табан тіреді.  Алайда, еліміздің ерлер құрамасы блиц-шахматтан Қырғызстандық спортшыларды басып озып,  үшінші орынды Үндістан өкілдерімен бөліскендері атап айта кету керек.