ДИНАРА СӘДУАҚАСОВА БІР МЕЗГІЛДЕ ОЙЫН СЕАНСЫН ӨТКІЗДІ

Халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова Қазақстан, Армения, Қырғызстан және Молдова Парламенттерінің депутаттарымен шахмат бойынша бір мезгілде ойын сеансын өткізді.


Атақты шахматшы 18 тақтада бір уақытта ойнады. Төрт парламентер тең ойын көрсетті, олардың бірі Молдова Парламентінің депутаты – Халықаралық гроссмейстер Виктор Бологан.


Сеанс қорытындысы бойынша бірнеше номинациялар жеңімпаздары анықталды. “Үздік ойын” номинациясы бойынша Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов, “Үздік қадам” номинациясы бойынша Владислав Косарев, “Жеңіске деген жігер” номинациясы бойынша Қуаныш Сұлтанов жеңімпаз атанды.


Сеанстан кейін Виктор Антонович Динараның Академиясының оқушыларына шеберлік сағатын өткізді. Балалар гроссмейстер жасаған бірнеше партияның талдауын бақылап, тактикалық әдістерді қарап, білімдерін одан әрі кеңейтіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алды.