ЖАНСАЯ ӘБДІМӘЛІК АЛМАТЫ ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ АТАНДЫ

Қазақстан шахмат федерациясы Алматы қаласында халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік жетекшілік еткен жаңа ұйым – Алматы қаласының шахмат Федерациясы құрылғанын хабарлайды. Жаңа ұйым Алматы қаласының Шахматшылар Одағынан кері қайтарып алынғаннан кейін аккредитацияға ие болды және мегаполисте шахмат мәдениетін дамытатын болады. Федерация мен оның президентінің мақсаты – Алматыны әлемдік шахмат орталықтарының біріне айналдыру және еліміздің басқа шахмат федерациялары үшін үлгі көрсету.

«Федерацияның 2024 жылға дейінгі жоспарында – төрт негізгі бағытты дамыту: қала тұрғындары арасында бұқаралық спорт, мектептегі білім берудегі шахмат, жоғары жетістіктер спорты, сондай-ақ ардагерлерді қолдау», – деп атап өтті Жансая Әбдімәлік.

Федерация алматылықтар үшін шахмат мәдениетімен танысуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Таяудағы үш жылда жаңа тұрақты спорттық іс-шаралар – бір мезгілді ойынның ашық сеанстарын, Алматы және басқа қалалар құрамалары арасында турнирлер ұйымдастыру, сондай-ақ саябақтарда, аулаларда, ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда жаңа шахмат аймақтарын құру жоспарлануда.

Сонымен қатар, жоспарға сәйкес Алматы мектептерінде шахмат сабақтарына арналған кабинеттер жабдықталады, мұғалімдер мен оқушыларға арналған арнайы оқыту бағдарламалары, әдістемелік құралдар әзірленеді, сондай-ақ Мектеп Лигасына қатысу үшін командалар құрылады. «Жалпы білім беру мекемелерінде шахмат сабақтарын енгізу тәжірибесі Ұлыбританияда, АҚШ-та, Түркияда бұрыннан қолданылып келеді, ал Армения шахматты міндетті мектеп бағдарламасына енгізген әлемдегі алғашқы ел болды. Алматылық оқушылар үшін бұл одан әрі интеллектуалды дамуға қолайлы жағдай жасайтыны сөзсіз», – деді Жансая Әбдімәлік.

Жоғары жетістіктер спортын дамыту шеңберінде балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, 8 жастан 18 жасқа дейінгі Алматы құрамасын қалыптастыру, ал соның нәтижесінде Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарында, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі Олимпиадада жүлделі орындарға ие болу міндеті басым болып табылады.

Турнирлерге дайындалу мақсатында жылына бірнеше рет Алматы жасөспірімдер құрамасының шахматшылары үшін шетелдік халықаралық гроссмейстерлер мен спорт психологтарын тарта отырып, көшпелі оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарлануда. Жансая Әбдімәліктің айтуынша, федерацияны дамытудың бұл бағыты жас шахматшыларды қолдауда үлкен олқылықты толтыруға көмектеседі.

Жас таланттарды қолдаудың қисынды жалғасы – СШК (спорт шеберіне кандидат), IM (халықаралық шебер), GM (халықаралық гроссмейстер) спорт нормаларын орындауға арналған рейтингтік турнирлерін өткізу болып табылады, яғни белгілі бір деңгейге жетіп, Алматыдан шықпай-ақ жаңа атақ үшін таласуға болады.

Шахмат – аға ұрпақтың сүйікті спорт түрлерінің бірі, сондықтан Федерация ардагерлерге арналған еске алу және мерейтой күндеріне арналған, сондай-ақ жас шахматшылармен білім алмасу үшін турнирлер өткізуді мақсат етеді.

Қазақстандық шахмат федерациясының баспасөз қызметі, Нұр-сұлтан Қ., 20 сәуір 2022 ж. ҚШФ сайты: kazchess.kz