БРАЗИЛИЯЛЫҚ ШАХМАТШЫ «АЛМАТЫ ОПЕН 2019» ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Бразилиялық гроссмейстер Александр Фиер Almaty Open жеңімпазы атанды. Турнирдің күміс жүлдесін Тигран Харутюнян (Армения) жеңіп алды, қола Ален Рахымжанға (Қазақстан) бұйырды. Әйелдер арасында ең жақсы нәтижені Гүлмира Дәулетова (Қазақстан) көрсетті.

 

 

 

«Бұл менің Қазақстанға бірінші келуім емес, – дейді Александр, – бұл жолы да келгеніме қуаныштымын. Қазақстандықтар өте мықты шахматшылар, сондықтан алтын үшін күресу оңай болған жоқ».

Сондай-ақ, Almaty Open 2019 аясында «В» турнирі өтті, оған 2000-нан төмен рейтингке ие шахматшылар қатысты.Мұнда ең жақсы нәтижені қазақстандық Нұрбек Қайрошев көрсетті, қырғызстандық Медет Джапаров екінші орын алды, ал Эдгар Мамедов үздік үштікті аяқтады. Әйелдер арасында ең жақсы нәтижені Алуа Нұрманова көрсетті.

«Almaty Open» дәстүрлі түрде қазақстандық шахматшыларға көптеген мүмкіндіктер береді, – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко, – бұл жолы да 3 қазақстандық ойыншы халықаралық шебердің нормаларын орындады: Ален Рахымжан, Шыңғыс Серікбай және Әлібек Игамбергенов».

Almaty Open 2019 жыл сайынғы халықаралық турнир. Дәстүр бойынша бұл ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан ересектер Кубогының екінші кезеңі. Турнир 6-15 қазан аралығында өтті, онда 10 елден келген 164 шахматшы бақ сынады.