БИБІСАРА АСАУБАЕВА ГИННЕССТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНДІ

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әйелдер арасында блиц бойынша әлем чемпионы атанған ең жас шахматшы әйел ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Бұл жетістік 2021 жылы 30 желтоқсанда Польшада өткен блиц бойынша әлем чемпионатында шахматшының жеңісі үшін тіркелді. Рекорд орнату кезінде Бибісара 17 жас 307 күнге толған.

ҚШФ Б.Асаубаеваны осы жетістігімен құттықтайды! Қазақстандық шахматшы тарихта алғаш рет шахматтағы жетістіктері үшін рекордтар кітабына енгенін атап өткім келеді. Әрине, бұл рекорд талай еңбектің жемісі, әрі өскелең ұрпаққа үлкен мотивация. Оның алдағы уақытта да спорт шыңдарын бағындырып, алға қойған жоспарларының орындалуына тілектеспіз!

Қазақстандық шахмат федерациясының баспасөз қызметі, Нұр-сұлтан Қ., 06 сәуір 2022 ж. ҚШФ сайты: kazchess.kz