АРКАДИЙ ДВОРКОВИЧ: «Қазақстан шахматы даму үстінде»

Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович Алматыға келді. Бұл жолы оңтүстік астана Аркадий Владимировичті қар аралас жаңбырмен қарсы алды, бірақ ауа райы жылы қабылдау мен жағымды достық әңгімемен өтелді. Бейресми жағдайда ФИДЕ басшысы зияткерлік спорттың даму перспективалары туралы әңгімелеп, қазақстандық шахматты дамыту туралы өзінің әсерімен бөлісті, сондай-ақ балалық шақтағы дағдылары оның мансабына қалай көмектескенін еске түсірді.

«Шахмат жанұясында туып-өсіп, шахмат ойнамау мүмкін емес», – дейді Аркадий Владимирович. «Әрине, мен шахмат клубтары мен пионерлер сарайына да бардым, Мәскеу чемпионаты және Мәскеу мемлекеттік университетінің чемпионаты сияқты түрлі жарыстарға қатыстым. Шахмат менің жұмысыма көмектесті деп сеніммен айта аламын. Стратегиялық ойлау, жадты дамыту, жағдайды талдау, интроспекция, қарсылас пен серіктесті бағалау – ойын барысында алынған және дамыған осы дағдылардың барлығының өмірде пайдасы зор болды».

Алғышарттар мен тұқымқуалаушылыққа қарамастан Аркадий әкесінің ізімен жүрмеді. Ол Мәскеу экономикалық университетін «Экономикалық кибернетика» мамандығы бойынша бітіріп, АҚШ-тағы Дьюк университетінен магистр дәрежесін алды. Жас экономист үкіметте керемет мансап жолына түсті. Жиырма тоғыз жасында ол Ресей Федерациясының Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары болды және бірнеше жылдан кейін Ресей Үкіметінің басшысының орынбасарлығына тағайындалды. Дегенмен, ол шахматты тастап кетпеді, әкесіне көмектесуді жалғастырды. Ол мақалаға арналған материалдарды дайындады, шетелдік дереккөздерді аударып, шахмат статистикасы бойынша есептеулер жасады. Аңызға айналған шахматтық төреші Владимир Яковлевич қайтыс болғаннан кейін, Аркадий жас талантты шахматшыларды кәсіби шеберлікке дайындайтын Шахмат орталығын ашып, оған әкесінің атын берді. Кейінірек ол жерде тек спортшылар ғана емес, шахматты сүйетін және ойнайтын адамдар, кәсіпкерлер, суретшілер, саясаткерлер де жинала бастады..

«Мен Ресей шахмат федерациясының вице-президенті және президенті қызметін атқардым. Мемлекеттік қызметтегі жұмысымды аяқтағаннан кейін мен сайлауда жеңіске жетіп, ФИДЕ президенті болдым. Менің ойымша, біз қайтадан үлкен отбасыға ацналудамыз (ФИДЕ ұраны – «Gens Una Sumus» – «Біз бір отбасымыз», – автор сөзі.) Келіспеушілік толықтай әлі жойыла қойған жоқ, бірақ осы айларда жақындасу әрі қарай жалғасуда. Біздің ортақ мақсаттарымыздың бар екенін түсінеміз және біз ұлттық федерацияларды әлемнің барлық жерінде шахматты дамыту жолында қолдайтын боламыз. Біз әлемнің үлкен беделге ие жетекші шахматшыларын командамызға тарта алдық, бұл сенім атмосферасын құрып, бізді біріктіре түспек»..

Халықаралық федерацияның басшысы ретінде Аркадий Дворкович президенттік кеңесі пен ФИДЕ басқармасы жүзеге асырып отырған басты бағдарламаның негізгі болып табылатын сайлауалды науқанның жүзеге асырылуын басты мақсат ретінде қарастырады.

«Ең алдымен, шахматтың ең кең таралған танымал интелектуалды спорт түріне айналуы маңызды. Ол үшін ойынды білім жүйесіне кеңінен енуі, оқыту мен практикаға арналған онлайн платформаларды жетілдіру, шахмат федерациясын ойынды әлемде таратуға ықпал ететін қуатты мекеме ретінде дамыту керек. Осы міндеттерді орындау менеджмент, маркетингке және қаржылық басқаруға арнайы тәсілдерді талап етеді. Әрине, біз адам капиталын дамытуға, қызметкерлерді дамытуға, мансап аяқталғаннан кейін әлемдегі шахматты дамытуды жалғастыра алатын талантты шахматшыларды іздеуге инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Әрине, барлық индикаторлар нақты көрсеткіштер мен статистикада көрініс табуы керек, және бізде мақсаттарды жүзеге асырудың айқын кестесі бар, нәтижелерге қол жеткізу үшін қандай ресурстар қажет және ең бастысы, жұмыс істеуге деген ұмтылыс бар», – дейді саясаткер..

Әртүрлі елдерде көптеген шахмат мектептерінің пайда болуы әлемдік шахмат алаңында бәсекелестіктің қарқынды өсуіне, соның нәтижесінде планетада талантты шахматшылардың жаңа ұрпағының пайда болуына себеп болды. Мына немесе ана елдің шахмат тәжін иеленуінің ешқандай кепілдігі жоқ деп айтуға да болады. Бәсекелесткі биполярлы бола бастады. Чемпионат үшін күрес әдетте 10-15 ойыншы арасында болады және Дворковичтің айтуынша, бұл – керемет көрсеткіш, өйткені мықты бәсекелестік қызығушылықты арттырады.

«Ресей де әлсіз бола бастаған жоқ», – дейді ФИДЕ басшысы, «Мықты шахматшылардың кез-келген тізімінде ресейлік өкілдер төрттен бір бөлігін алады. Қазақстандық шахматтың өсіп келе жатқаны анық, бұл, әрине, қазақстандық шахмат федерациясының жүйелі жұмысы, балалар шахматының дамуы мен кәсіпқой спортшыларды дайындайтын жұмысының нәтижесі. Біз мемлекетпен үнемі өзара әрекеттесуді, жекеменшік шахмат мектептерін және академияларды қолдауды байқаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстан федерациясы өзінің мақсаттарына қол жеткізу үшін жарты жолда. Дегенмен, сіз жасаған нәрселермен ешқашан шекетлмеуіңіз керек, өзіңіздің амбицияларыңызды шындыққа айналдыруға тырысып бағыңыз, себебі арман деген ешқашан бетпейді».

Ұлттық шахмат федерациясының жұмысының көрсеткіштерінің бірі ретінде 2019 жылы Қазақстан шахмат тарихында тұңғыш рет ФИДЕ комиссиясына бірден Қазақстанның 6 өкіліне қосылғанын айтуға болады. Бұл – АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орын. Аркадий Владимировичтің айтуынша, бұл – Қазақстандағы шахматты дамыту процестерін ұйымдастырудың сапасының көрсеткіші:

«Бұл жерде қазақстандық шахматшылардың нәтижесін атап өту керек. Жас жұлдыздар пайда болды, менің ойымша Қазақстан командасы алға қарай дами түсті. Нәтижелері де керемет, Қазақстан туының Олимпиада ойындарының соңғы кестелерінде  барған сайын жиі байқалуы – оған дәлел. Бұл – қазірдің өзінде шахматтық картадағы мықты бәсекелестік үшін маңызды прогресс. Қазақстан бұл жарыста көшбасшылардың бірі болуы – керемет жағдай».

ФИДЕ басшысы Қазақстандағы шахматтың жетістіктерінің жетекші факторларының бірі ретінде республикада шахмат академияларының дамуын атап өтті, елдегі сапалы білім беру мекемелері ең мықты шахматшыларды дайындайтын орта болып табылатынын басып айтты:

«Шахмат мектептеріне үнемі жаңа студенттерді апару, олардың арасындағы бәсекелестікті арттыру және ең бастысы, барынша сапалы мамандарды тарту қажет. Қазақстан қазір эксперименталды кезеңде тұр, бұл бағдарлама елдің барлық қалаларында, барлық мектептерінде орындалып жатқан жоқ. Дегенмен, алғашқы табыстар айқын. Әрине, Ресейде бүгінгі таңда жүз пайыздық қамту жоқ, әркімнің де ұмтылар тауы бар».

Аркадий Дворкович Қазақстанның жақын арада көптеген шахматтық бағдарламаларды енді дамыта бастаған көптеген елдер үшін үлгі бола алатынын айтты:

«Мен Жансая Әбдімәлік шахмат академиясында жүздеген балалар шахмат ойнағанын көргенде, күмәнім сейілді. Жақында Қазақстанның шахмат федерациясы Білім министрлігіне нақты ұсыныс бере алатынына және «Мектептегі шахмат» бағдарламасы мемлекеттік деңгейде қабылданатынына сенімдімін».

Бүгінгі таңда әлемде шахмат мектеп бағдарламасы ретінде білім беру мекемелерінің барлық деңгейлерінде жүзеге асырылып, мемлекеттік деңгейде қолдауға ие болған елдер баршылық. Армения, мысалы, мұндай нәтижелермен мақтана алады. Мектепте шахматтың жылдам дамуы Венгрияда, Скандинавия түбегі елдерінде және басқа мемлекеттерде де жүріп жатыр. Жалпы, балаларды тәрбиелеудің ажырамас бөлігі ретінде шахматты енгізудің маңыздылығын түсіну жаһандық сипатқа ие.

«Негіздері мен теориясын оқу кезеңінде бұл анық көрунбеуі мүмкін, бірақ шахмат болашақ кәсіби қызметіне қарамастан, кез-келген балаға пайдалы, ал балалар мұны уақыт өте келе міндетті түрде түсінеді. Кішкентай кезінде көптеген балалар сүйікті пәні ретінде шахматты атайды».

ФИДЕ басшысы шахматтың білім беру үдерісінің күнделікті бөлігі болған кезде, мектептердегі академиялық көрсеткіштердің деңгейі де арта түсетініне сенімді. «Шахматтың академиялық көрсеткіштерге тікелей әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген. Мұғалімдердің ақыл-парасатына осы фактордың маңыздылығы туралы, шахматқа ойын ретінде емес, білім беру сапасын арттыру құралы ретінде қалыптастыру туралы түсінікті енгізу қажет. Ойлау жылдамдығы, стратегиялық көзқарас, жады – бұл шахмат беретін негізгі дағдылар, және оның нәтижесі ата-аналар мен мұғалімдер үшін тез-ақ байқалары анық. Бұл біздің тарапымыздан маңызды жаттығу бағдарламасын дайындауды талап етеді, және қазір біз бұл мәселеге көп көңіл бөлудеміз».

Сөз соңында, ФИДЕ президенті Санкт-Петербургтағы әлем чемпионатында танысқан Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәліктің жетістіктері туралы оң пікір айтты.

«Мен шахматты кез-келген жерде, кез-келген уақытта ойнауға дайынмын. Тағы бір нәрсе – адам өз мүмкіндіктерін және күш-жігерін объективті бағалай білу қажет. Әрине, мен гроссмейстер, тіпті халықаралық шебер деңгейінде де ойнай алмаймын, бірақ кейде салыстырмалы түрде күшті ойыншыларға қарсы ойынның маңызды бөлігінде төтеп бере аламын. Мен шахматты жақсы көремін және кез-келген шахматшымен, әсіресе, Қазақстан құрамасынан ойнауға қуаныштымын».

Бұл Аркадий Дворковичтің Алматыға халықаралық шахмат федерациясының президенті ретіндегі алғашқы сапары еді. Әңгіменің соңында ол әрдайым оңтүстік астанаға келуге бақытты екенін мойындады және жақында Қазақстан шахмат федерациясының даму жоспарларын талқылау үшін Қазақстанға қайтадан келетініне сенім білдірді.