НҰРЛАН ИБРАЕВ – ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ЧЕМПИОНЫ

Бүгін Алматы қаласында өткен шахматтан ерлер арасындағы Қазақстан Чемпионаты өз мәресіне жетті. Классика бойынша 11 турдан кейін ел чемпионы титулын гроссмейстер Нұрлан Ибраев қанжығалады. Республиканың 12 үздік шахмашылары чемпион атағы үшін және 2,5 млн теңге жүлде қоры үшін бақ сынасты. Күміс жүлдені гроссмейстер Петр Костенко, қоланы гроссмейстер Ануар Исмағамбетов иеленді.

«Бұл тартысты ойын болды. Себебі мен Қазақстан құрамасының мүшелерімен бақ сынастым. Оның үстіне жас шахматшыларда өте жоғары деңгейде ойнайтын болған, – дейді қырық екі жастағы Н. Ибраев, – Жеңіс оңай келген жоқ. Осы жолы тәжірибем көмектесті».

Қазақстан Чемпионы 600 000 тг ақшалай марапаттан бөлек, Қазақстан атынан 6-16 маусым аралығында Қытайда өтетін жекелей Азия чемпионатында, сонымен қатар, Өзбекстанда өтетін аймақтық турнирге қатысуға мүмкіндік алады.

Нұрлан үшін бұл республикалық біріншіліктегі екінші жеңіс болып отыр. Алғаш рет ол 2005 жылғы ерлер арасындағы Чемпионатта 27 жасында жүлделі орынға ие болған болатын. Соңғы жылдары бапкер ретінде қызмет атқарып келген. Биылғы жылдың республикалық біріншілігіне Ибраев Қазақстан шахмат федерациясының атынан номинант есебінде қатысқан болатын.

«Нұрлан Ибраев — шахматтан Нұр-Сұлтан қаласы құрамасының аға бапкері, – дейді Қазақстан шахмат федерациясының Атқарушы директоры Ирина Грищенко, – Біз бапкерлердің өздерінің маңызды біріншілікке қатысқанына қатты қуанамыз. Бұл, біріншіден, ойыңды ширақ ұстауға көмектессе, екіншіден, өз бабыңды сақтап тұруға әсер етеді. Нұрлан өзінің шеберлігі осы жылдарда тек шыңдала түскендігін көрсетті».

Ерлер арасындағы Қазақстан Чемпионатының финалы айналмалы жүйеде ФИДЕ рейтингінің жалпы есебі бойынша 11 раундтан тұрды. Чемпионатқа былтырғы жылдың финалдағы жүлдегерлері, ағымдағы жылдың жартылай финалдағы жүлдегерлері, жасөспірімдер арасындағы ел чемпиондары, сонымен қатар, Қазақстан құрамасының мүшелері қатысты.

ҚШФ Бас серіктесі– «Самрұқ Қазына ҰӘАҚ» АҚ, әлеуметтік серіктес – «Sumruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Бас демеуші «Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ – Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры.