ЖАНСАЯ АБДУМАЛИКТІҢ ТАҢҚАРАРЛЫҚ ЖЕТІСТІГІ

Қазақстан шахмат федерациясы қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлікті ең жоғары шахмат атағын – халықаралық ерлер гроссмейстері атағын орындауымен, сондай-ақ Гибралтарда өтетін «FIDE Women`s Grand Prix» (FIDE әйелдер гран-при сериясының қорытынды кезеңі) беделді шахмат турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетуімен қуана құттықтайды.

Әрине, бұл Қазақстан Республикасы үшін айтулы оқиға! 21 жастағы Жансая Әбдімәлік әйелдер арасында ерлер гроссмейстері атағына ие болған алғашқы қазақстандық, сондай-ақ алғашқы Орталық Азия өкілі атанды.

Кеше, 2021 жылғы 31 мамырда ФИДЕ әйелдер Гран-приінің Гибралтар кезеңінің тоғызыншы турының қорытындысы бойынша алты сағаттық табанды күрестен кейін Жансая Әбдімәлік Ресейден келген халықаралық гроссмейстер Валентина Гунинамен өткізген партияда тамаша жеңіске қол жеткізді. Осылайша, Жансая ерлер гроссмейстері атағын алу үшін рейтингке қойылатын талаптарды орындап, турнирдің аяқталуына екі тур қалғанда қалған шахматшылардан екі ұпайға оза түсті.

Бүгін, халықаралық гроссмейстер, блиц, рапид бойынша бірнеше дүркін әлем және Еуропа чемпионы ресейлік Екатерина Лагномен оныншы тур тең есеппен аяқталды, осылайша Жансая турнирдегі жеңісін алдын ала қамтамасыз етті.

 Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) ережелеріне сәйкес ерлер халықаралық гроссмейстері атағына қол жеткізу үшін ХГ үш нормасын орындау және ELO FIDE рейтингінің 2500 пунктінен асып түсу қажет. 2018 жылы Жансая бұл атақты алу үшін барлық нормаларды орындады және Гибралтардағы ағымдағы FIDE Women`s Grand Prix жарыстарында 2500 пункттен асатын, көптен күткен рейтингке қол жеткізді.

Қазақстан шахмат Федерациясы Жансаяны, оның туыстарын және қазақстандық шахматтың барлық жанкүйерлерін шын жүректен құттықтайды! Болашақта оған тек жеңістер мен сәттілік тілейміз! Бұл жетістік шахматқа деген қызығушылықтың дамуына түрткі болады және қазақстандық шахматшылар шахмат Олимпінің шыңдарын одан әрі бағындырады деп үміттенеміз.

Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі, Нұр-Сұлтан қ., 1 маусым 2021 ж. ҚШФ сайты: kazchess.kz