ШАХМАТТАН “UIDE BOL CUP 2020” РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОНЛАЙН ТУРНИР ӨТЕДІ

11 сəуірде Қазақстан шахмат федерациясы Қазақстанның киберспорт федерациясы қолдауымен, Мəдениет жəне спорт министрлігі мен «Кселл» АҚ бірлесіп блиц-шахматтан «UIDE BOL CUP 2020» республикалық онлайн-турнирін өткізеді.

Бəсеке барлық шахмат сүйер қауымға карантин кезінде уақытты қызықты өткізіп қана қоймай, жалпы жүлде қоры 2 миллион теңге жолында күш сынауға тамаша мүмкіндік. Блиц-дода chess.com шахмат платформасында өтеді.

Тіркеу 10 сəуірге дейін PINGER.PRO порталында жалғасады. Ал бəсеке 11 сəуір Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-де басталады.

Бүгінге дейін 1750 адам онлайн-бəсекеге қатысуға ниет білдірген.

Ойын швейцариялық жүйемен өтеді. Əр қатысушыға партия аяқталғанға дейін 3 минут уақыт беріледі.

Бəсекеге ҚР азаматы мен қазақ ЖСН номері бар шетел азаматтары қатыса алады. Кей жағдайда FIDE ID мен FIDE ELO рейтингін көрсету сұралады. Айта кетейік, қатысушының FIDE ELO рейтингі 2200-ден аспауы жəне рейтингсіз болмауы керек.

Əр ойыншының chess.com сайтында тегі, аты-жөнімен сай келетін ресми логині болуы тиіс. Сонымен қатар chess.com сайтында Kazakhstan Chess Federation клубының мүшесі болуы тиіс.

Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі. Нұр-Сұлтан қ., 9 сәуір 2020 ж.